16+
08 декабря
...
прогноз на 5 дней
-6 oC плотный туман
доллар 0.00 евро 0.00 рубль РФ 0.00
Я Охотники.KZ
Подпишись на Инстаграм Ohotniki.kz Shop

Қазақша сафари

автор

Африка – әр аңшы табан тіреп, аңға құрық салғысы келетін құтты мекен.

(Сафари мәресіне жеткенде ОРИКС антилопасы бұйырды)

 

Менің әулетім үлкен болғанымен, бәрі бір ауыздан келісіп алғандай аңшылық пен саятшылық құруды таңдады. Мен де солардың ізін басып, сәті келген кезде Африканы  діттеп бардым. Африкалық серігім мені және маған еріп келген жолдастарымның сенімді жандар екенін әбден тексеріп, көз жеткізіп, бойын бір жазып алды. 5 жыл бойы осы жаққа барып-келіп жүргендіктен, мен де серігімнің  қыр-сырын жетік біліп, сөзі мен ісі сәйкес  адал азамат екенін түсіндім.

Коронавирус пандемиясы кезінде талай адам көз жұмды. Сол дерт әкемді де айналып өтпеді. Әкем дерттен айығып, аман қалса, ертеңді күтпей, арманын орындауға  ат салысқым-ақ келді. Шыны керек, достарымның арасынан әкесінен айрылып қалған жан да аз емес. Осы жағдай әкемді дүниеде барында қадірлеп, бағалауым үшін маған сабақ болғандай.  9 жылдан бері мініп жүрген көлігімді жаңартпай , белгіленген қаржыны жинап, әкеме билет алып, ойымда жүрген сапарды  жүйелі жоспарладым.

 – «35 жылдан бері ұшақ трапына аяқ тигізбеген едім. Әрі жұмысыма комиссия келеді. Паспортым да жоқ. Сол себепті бара алмаймын»,- деп әкем сан түрлі сылтау айтып, ұсынысымнан бас тарқысы келді. Мәселенің түйіткілін ешбір мән-жайға қарамай, шешуге тырыссам да, әкем әлі де қобалжып тұрды. Ортақ мәмілеге келуіміз үшін анамды ортаға салуды жөн көрдім.  Біздің сапарымызға әкемнің досы мен інісі ғана қосыламыз деген соң,  анам әкемнің  екі аяғын бір етікке тығып, үйден қуып шыққан кезде ғана амал жоқтан келісті.

Маршрут кең көлемді болуы үшін: барғанда Алматыдан Катар арқылы, қайтар кезде  ОАР, Дубай арқылы жол жүрдік. Жол жүрместен бұрын 2 шалдың дайындығы тойға дайындалғаннан да асып түсті-ау, шіркін. Олар  киімдерін үтіктеп, біркелкі бүктеп, чемоданын қаздай жинағаны әлі көз алдымнан кетпейді. Әуежайға жеткен соң, қызықты хикаямыз басталды. Астанасы Доха болған Катар әмірлігіне жеткен соң, қаланы дереу көргіміз келіп, Убер қосымшасы арқылы такси шақыртып, мегаполисті араладық. 30-35 жыл бұрын құс ұшпай, ит жүрмейтін жерде зәулім ғимараттарды тұрғызып,  бір мұнайдың арқасында аса маңызды халықаралық бизнес орталығына айналғаны бір ғанибет. Біздің неге мұндай жетістікке жете алмағанымыз - 7 тіл білмейтін, бірақ Құдайдан қорқатын бедуіннің жоқтығы ма, елге сәйкес көшбасшылардың болуы ма, кім білсін?!

 Интернет немесе «зомби-жәшік» (теледидар) арқылы көріп үйреніп қалған әкем бұл жолы өз көзімен Катар әмірлігін көргеніне аң-таң болды. Әкемнің  көңілінен шыққанына жас балаша мәз болып, кешке сапарымызды жалғастырып, жаңа континентке аттандық.

Мен үшін – африкалықтардың  қол жайып, өлең айтып, би билеп бізді қарсы алатыны үйреншікті жағдай.

Түскі асты асығып ішіп, мылтық таңдап, оқ ататын жерге келдік. 3-4 оқ атып, карабин үстіндегі дүрбіні дәл туралап , аңға шықтық. Ленд крузер кабинасында отырған біздерге теледидардан көрген аңдар кездесе бастады: зебра, гну, керік. Аталмыш аңның бірін құрсауымызға да түсіре алмадық. Барынша сақтықпен жүретін аң алғаш келген аңшыларға өзін оңай атқызбайды. Дегенмен, әкемнің інісіне алып иланд бұйырды. Иланд бізді алыстан байқап қойып, көлігімізге мұқият қарап тұрды. Егер тоқтай қалсақ, алды-артына қарамай қашатыны анық еді. Соны сезіп, біз келе жатқан жылдамдықты сақтай отырып, одан біраз алшақтағаннан кейін көрінбейтін жерге көлікті сөндірмей қойып, өзіміз жолмен жаяу  қайттық. Әлгі антилопа қауіпті сезбей, беймарал жайылып тұр екен. БІз бұта арасымен жасарынып, көрінбей 50 метрдей  жақындап, тәтеме (әкемнің інісі) алғаш аңды атқыздық. Тәте деп Қазақстанның оңтүстігінің аймағында, батыста ер адамды айтады. Тараз, Шымкент, Қызылорда жігіттері о бастан осылай айтып келе жатыр. Оқ тигеннен кейін алып аң 70-80 метр қашып, сүрініп құлады.

(Алып ИЛАНД 3 метр биіктікке секіре алады)

 

Келесі күні таңғы асты ішіп, тағы бір  аңшылыққа да шығып үлгердік. Көп ұзамай гну антилопасының бөлек жүрген өте кәрі бұқасы кездесті. Біз болмасақ өз ажалынан немесе гиеналарға оңай жем болатыны анық. Аңды кетіп бара жатқан жолының алдынан тосып алып,  омырауынан көздеп атқан аңшы олжасынан айырылмайды.

Тағы бір күн өткен соң бізге зебраны қанжығамызға байлау бұйырды. Әлбетте, артынан ұзақ жүріп, біраз тер төгуімізге тура келді. Үйірімен жүретін аң оқ жетпейтін жерде аяқ басып немесе бірінші көріп қалып не иіс сезу арқылы дес бермей құтылып кетіп жүрді. Шыжып тұрған күн астында еңкейіп жүру де қиын. Біз  көрінбей, тығылып,  жақындаған мезетте аяқ астында тырс деп сынған шыбық үйірді толығымен үрейлендіріп, үркіп қашуына жол ашты. Бұл әрекеттен ештеңе шықпайтынына көз жеткізіп, бұйырған нәсіп болады деп түскі асты ішуге лоджға қайттық. Сиестадан кейін аңшылығымызды жалғастырдық.  Жер бетін қараңғылық басуына 2 сағат қалған кезде басқа топ аң кездесті. Ішіндегі айғыры – топтан бір бас биік. Аң аулаудың  қыр-сырын жетік меңгергендіктен, әдеттегідей, көліктен түсіп, ыңғайлы жер таңдап, тығылып отырдық. Көлік жүрісі шеңбер жасау арқылы үйірді ақырын біз жаққа ығыстырды. Көлікті үйірден алыс жерге қалдырып, аңдардың жүріс-тұрысын бақыладық: үйір артына қарап, асықпай ашық жерге шықты. Айғыр үйірдің соңында маймөңкелеп, әрең аяғын аптықтай басып келеді . Ол бірдеңені іші сезгендей басын бізге бұрған кезінде мылтық  соған қарай бағытталып, атылды. Оған оқ  дөп тигеннен кейін, жоғары секіріп, ілгері шапты. Үйір артына қарамастан қашты. Айғырдың  жүрек тұсына оқ тигендіктен алысқа ұзамай, сылп етіп құлап түскен екен. Басында біз оқтың дәл тигеніне күмәнданып, атылған аңды таппадық. Қалың ағаш арасынан  не болып жатқаны көрінбегендіктен, оның жүрген аяқ  іздеріне түскенде ғана аңды таптық.

 

(ЗЕБРА атып алу үшін біраз тер төгілді)

Бара-бара аң аулау оңай болып, азаңда 1 аң, кешке 1-2 аңсыз қайтпайтын болдық.

(ГНУ антилопасы 300кг салмақтан асады)

 

(ҚАБАН пумба атымен белгілі)

 

Бір күні импала антилопасын аңдып, бара жатқан кезде мүйізтұмсықтан қашумен болдық. Осы  мақаланың мына тұсын  оқырман оқып отырған кезінде әзіл деп қабылдауы мүмкін: бірақ басын төмен қаратып,  шаңды бұрқыратып, пойыз секілді, қалың шеңгел,  талға да қарамай, үлкен жылдамдықпен жүгірген 3-4 тонна салмақты мүйізтұмсықты көру бізді бездірмек тұрмақ, қолымызда мылтық бар екенін де ұмыттырды. Негізі мүйізтұмсықтың бар ойы – көрінгенді таптап өлтіру емес, өз аймағын қорғап, бөтендерді қуып шығу. Бізді мүйізтұмсық өзі белгілеп алған шекарасынан қуып шыққанында ғана артымыздан шапқылағанын қойып, ештеңе болмағандай жайылып кетті.  

Өз басым жақсы орикс антилопасына қол жеткіздім. 200 метр қашықтыққа қарамастан, қолым қалт етіп, көздеген жерімнен мүлт кетіп, абырой болғанда, мойнына жақын тиіп, тапжылмастай құлаттым. Бір де бір аң жарақат алып қашып кеткен жоқ. Оқ нақты бір дене бөлігіне тиіп, аңды орнынан тапжылмастай етті немесе денесіне тимей үркітті.

Маған куду антилопасы, атқызбай қашып кеткені  өкінішті-ақ болғанымен, тәтеме бұйырды.

(Көптеген аңшы арманы – КУДУ антилопасы өте сақ жануардың бірі)

Сонымен қатар, гиена, шакал, бабуин, спрингбок атты аңдар біреуімізге де нәсіп бұйырмады. Оны келесі жылға жоба деп есептеп, ескеру керек. Аңшылық сонымен қызық емес пе?

Қорытындылайтын болсақ, көздеген мақсатымыз жүзеге асты. Бұрын-соңды естіп, көрмеген аң-құсты көріп, құмда ерекше сезілетін жұпар иіспен дем алып, дәмді тағамнан дәм татып, естен кетпес шытырман оқиғаны тамашаладық. Ал әкесі бар аңшы жандарға айтарым: Сафари – ғұмыр аяғына дейін айтатын,  қадірлі әрі бағалы құрметтің бірі.

 

Автор: Агзат Абдреев (87075058555)

Отзывы


Информационный Портал Охотников и Рыболовов Казахстана "Охотники.KZ". 2012 - 2024 г. © Все права защищены.

Распространение, копирование, тиражирование информации с сайта разрешены только с согласия администрации.

16+